Петропавлда жолдың жаяу жүргіншілерге арналған бөлігінде зейнеткерді көлік қағып, ол алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қайғылы оқиға 13 маусым күні сағат 12:20 шамасында болған.
"Қызылжар ауданының 39 жастағы тұрғыны Nissan маркалы көлігін басқарып келе жатып, Қожаберген жырау көшесінде жолдың жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан әйелді қағып кетті. Жол апаты салдарынан 1957 жылы туған жәбірленуші жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін оқиға орнында қайтыс болды", - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Аталған факті Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі – "Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүру немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы абайсызда адам өліміне әкеп соғуы" бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Жүргізуші бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Сотқа дейінгі тергеу аясында полицейлер жол апатының мән-жайы мен себептерін анықтап жатыр.
Бірқатар қажетті сараптама тағайындалды. Қабылданған шаралардың қорытындысы бойынша ақырғы процестік шешім қабылданады.