Петропавлда жасөспірімдерді соққыға жықты деген күдікке ілінген жас жігіт ұсталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұған дейін әлеуметтік желілерде 6 мамырда сағат 22:30-да қаладағы дәмханалардың бірінің маңында мас күйдегі алты жігіт кәмелетке толмаған екі жасөспірімді ұрып-соққаны туралы хабарлама тараған болатын.
Ішкі істер министрлігінің ресми Telegram-арнасының мәліметінше, 7 мамыр сағат 00:58 шамасында Петропавл полициясына Интернациональная көшесінің бойында төбелес болып жатқаны туралы хабарлама түскен.
"Жанжал кезінде белгісіз біреулер 16 жастағы үш жасөспірімге дене жарақатын салғаны анықталды. Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы "Бұзақылық" бойынша тіркелді.
Бұзақылық жасады деген күдікпен 2003 жылы туған азамат ұсталды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - делінген ведомство хабарламасында.