12 жел, 2022 сағат 17:54

Петропавлда тағы құбыр жарылды – бірнеше нысанды су басты

© Photo: "Кызылжар су" ЖШС баспасөз қызметі

Петропавл қаласында тағы су құбыры жарылды. Соның салдарынан теміржолды, жеке меншік үйлерді және өндірістік қоймаларды су басты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Қызылжар су" ЖШС атқарушы директоры Арман Саутовтың айтуынша, құбыр бір тәуліктің ішінде жөнделеді.

"Түнгі сағат бірде қаладағы су қысымы түсіп кетті деген хабар түсті. Бригада бірден оқиға орнына аттанды. Оңтүстік-батыс су тарату желісінде диаметрі 800 миллиметрлік құбыр тесілді. Себебі анықталды. Фланец төлкесі жұлынып кеткен. Бұған дейін Жұмабаев көшесінде дәл сондай ақау болған", - дейді Саутов.

Оның айтуынша, қазіргі кезде барлық шағын ауданда су бар. Бірақ Береке шағын ауданында және Жұмысшылар кентінде судың қысымы төмен болып тұр. Осыған байланысты халыққа суды көлікпен жеткізу шаралары ұйымдастырылды.

Апат салдарынан теміржолды, "Радуга" ЖШС-іне қарасты қоймаларды және 6 екіпәтерлі үйді су басты. Оған да "Қызылжар су" бригадалары жіберілді. Мамандар суды сорғымен айдап шығаруға кірісті. Жөндеу жұмыстары басталып кетті. Бірақ ауа райы қолайсыз болып тұр.

"Құбырды жөндеу үшін ауа температурасы плюс болуы керек. Сол себепті қазір апат болған жерді жауып жылытамыз, жылыту құралдарын қосамыз. Ішінде қолайлы температура болғасын су құбырын жөндеуге кірісеміз", - деп атап көрсетті кәсіпорын басшысы.

Магистральда осымен үшінші рет қатарынан ірі апат болып отыр. Бұған дейін Жұмабаев көшесінде құбыр жарылса, 316 атқыштар дивизиясы көшесінде тура сондай апат болды.

"Бұл құбыр 2009 жылы жаңартудан өткен болатын. Бірінші және үшінші апат болған жерде бір мердігер жұмыс атқарды. Ол - "КЭК Рустем" ЖШС. Өкінішке қарай, қазір ол фирма жоқ. Сол себепті ешкімге талап қоя алмаймыз. Барлық шығын "Қызылжар суға" жүктеліп отыр", - деді Саутов.

Ал 1 желтоқсанда екінші апат болған жерді бұрынғы мердігер жөндейді. 2019 жылы Жұмабаев көшесінде су құбырының 300 метрін жаңарту жұмыстарын астаналық компания - "РемСтройСервисПВ" ЖШС атқарған. Осы учаске 2021 жылы пайдалануға берілді. Кепілдік екі жылға берілген. Соның аясында компания апатты жөндеп беруге міндеттелді.