11 там, 2023 сағат 12:11

Петропавлда салынып жатқан ЖЭО құрылысы тоқтатылды

Фото: instagram.com/sevkazenergo

Петропавл қаласында жылу электр орталығының түтін мұржасы өз осінен бір жағына қарай қисайып кетті. Қазіргі кезде барлық құрылыс жұмыстары шұғыл тоқтатылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Жаңа нысан опырылып құлаған мұржаның орнына салынып жатыр. Оның қисайып бара жатқанын жергілікті тұрғындар байқап қалған. Бұл жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті.

"Солтүстікқазэнерго" компаниясы мұржаның қисайып кеткенін растап отыр.

"8 тамызда "Солтүстікқазэнерго" АҚ-ның жаңа мұржаны тұрғызу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарына жауапты жұмысшылар мұржаның жобадағы сызықтың бойынан ауытқып кеткенін анықтады", - дейді компания мамандары.

Мердігер компания - "ҚазжылуАРНАЙЫҚҰРЫЛЫС" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қазіргі кезде мұржаны салу жұмыстары шұғыл тоқтатылды.

Нысанды тексеру кезінде құбыр сырғымалы конустық қалыпта қисайып кеткені анықталған. Жобалық ұйым есеп-қисап жасауға кірісті. Мамандар мұржаны қай жерден құюға болатынын есептеп шығарады. Ал құрылысшылар конусты қалыпты бөлшектеу жұмыстарын бастайды.

"Мамандар мұржаның қай жерге дейін дұрыс құйылғанын анықтайды. Одан кейін бетонды бұзып тастайды, жаңа қалып жасалады. Түтін мұржасының құрылысы қысқа уақыттың ішінде қайта басталады", - деді компания қызметкерлері.

Айта кетері, жаңа мұржаның биіктігі 180 метр болады. Бұрынғы нысан 150 метрден аспаған. Құламаған тағы бір мұржа қажет болмайды. Жаңа нысан екеуін де алмастыра алады.

Бұған дейін мұржаның 30 метрі салынған. Оның қай жерге дейін бұзылатыны әзірше белгісіз. Биыл темір-бетон діңгегі толығымен көтеріледі. Ал келесі жылы 1 түтін мұржасы іске қосылады.

Петропавлдың бұрынғы мұржасы 1961 жылы пайдалануға берілген. Былтыр 20 наурызда әбден тозығы жеткен нысан опырылып құлады. Төтенше жағдай кезінде 38 жастағы әйел қайтыс болды.