Сурет: видео скрині
Петропавлда ер адам өз қызын терезеден лақтырып жіберемін деп қорқытқан, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz Telegram арнасына сілтеме жасап.
20 қыркүйек сағат 17:49 шамасында Петропавл қаласының Полиция басқармасына Маяковского, 93 мекенжайында орналасқан жатақхананың 5-ші қабатындағы бөлмеде төбелес болып жатқаны туралы хабарлама түскен.
"Оқиға орнына келген полицейлер бөлменің ішінде есікті құлыптап алған және нәрестені терезеден лақтырып жіберемін деп қорқытқан ер адам бар екенін анықтады. Жатақхананың жанына учаскелік полиция инспекторлары, ТЖД, медицина қызметкерлері келді.
ТЖД қызметкері өзін шатырға байлап, терезе арқылы ішке енді. Ер адамды еденге құлатып, есікті ашқан соң ішке СҚО ПД ЖҚАЖ қызметкерлері кіріп, бөлменің иесін қолға түсірді.
Алдын ала мәлімет бойынша, 2023 жылы туған қыз бала зардап шекпеді. Нәресте медицина қызметкерлеріне берілді" - делінген хабарламада.
Ұсталған азамат, СҚО-ның 23 жастағы тұрғыны масаң күйде болған. Өзімен бірге тұрып жатқан 21 жастағы әйелі екеуінің арасында жанжал болған. Ер адам кішкентай нәрестесін терезеден лақтырамын деп қорқытқан.
Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.