Петропавлдағы №2 жылу-электр орталығында жарақат алып, қаза тапқан жұмысшы кәсіпорында мердігер компанияның құрамында құрылыс жұмыстарымен айналысқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«СевКазЭнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, қаза тапқан азамат - «Строительный Центр Арсенал» ЖШС-нің жұмысшысы. Бұл компания Петропавлдағы №2 жылу-электр орталығында мердігер ретінде құрылыс жұмыстарын атқарып жатыр.
«Барлық жұмысшылар іске кіріспес бұрын қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқамадан өтті.
5 қараша күні біздің бригада түтін тартатын нысанның шатырын қалпына келтіріп жатты. Мердігер ұйымның қызметкері бізге беймәлім себеппен жұмыс орнында емес, № 3 қазандық агрегатының түтін жолы маңында болған.
Сол жерде үйіліп тұрған темір конструкция құлап кетіп, 22 жастағы жұмысшы жарақат алды.
Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем қызметі жарақаттанған ер адамды қалалық ауруханаға жеткізді, сол жерде ол кейін қатыс болды. Жазатайым оқиға барлық тиісті мемлекеттік органдарға хабарланды», - деді оқиғаға қатысты түсінік берген «Строительный Центр Арсенал» ЖШС директоры Всеволод Сысолятин.
«СевКазЭнерго» АҚ қайтыс болған жігіттің туған-туыстарына қайғырып көңіл білдірді.
Естеріңізге салайық, кеше бұл фактіні Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті растаған еді. Жұмысшының қайтыс болуына байланысты ҚР ҚК 156-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Қазіргі уақытта істің мән-жайын зерттеуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Олардың нәтижелері бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданбақ. Сондай-ақ жұмысты орындау кезінде өндірістік қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша жауапты тұлғалардың кінәсі де айқындалады.