27 қар, 2018 сағат 17:33

Петропавл қаласын Жаңажылдық безендіруге жергілікті бюджет қаражаты бөлінбейді

Петропавл қаласын Жаңажылдық безендіруге жергілікті бюджет қаражаты бөлінбейді. Бұл туралы бүгін Орталық комуникациялар қызметіндегі брифингте Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Солтүстік Қазақстан облысының бюджеті, даму бюджеті тым аз. 9 млрд теңге ғана. Басқа облыстармен салыстырғанда 10 есе кем. Қаражат болмағандықтан көп нәрсеге, соның ішінде безендіруге жетпейді. Сондықтан былтыр қала әкімшілігіне тиісті тапсырма беріп, бюджеттен ақша бөлінбейтіндігін ескерттім. Ескі заттарды жөндеп те пайдалануға болады емес пе?», - деді облыс басшысы. 

Оның айтуынша, Жаңажылдық безендіруге қажетті қарапайым дүниелерді балалардың, колледж студенттерінің күшімен де жасауға болады.  

«Мен қала әкімін әдейі осында алып келіп, Астананың безендірілуін көрсеттім. Құрылғылардың ешқандай қиыншылығы жоқ. Оны колледжердің  шеберханаларында жасауға болады. Биыл да бюджеттен қаражат бөлінбейді. Былтырғы тәжірибемізбен қаламызды безендіреміз», - деді Құмар Ақсақалов.