22 қазанда АҚШ дроны Сирияда "Әл-Қаида" (ҚР Жоғарғы Сотының шешімі негізінде тыйым салынған ұйымдар) жетекшілерінің бірін өлтірді. Бұл жөнінде АҚШ қарулы күштерінің орталық басқармасының ресми өкілі хабарлады.
"Әл-Қаида" террористік топ жетекшілерінің бірі Абдул Хамид әл-Матардың өлімі "террористік ұйымға астыртын әрекетін жалғастыруына бөгет жасап, АҚШ азаматтары, одақтастары мен бейбіт азаматтарға шабуыл жасау мүмкіндігін шектейді" деді АҚШ қарулы күштері орталық басқармасының ресми өкілі майор Джон Ригсби.
Ригсбидің айтуынша, соққының салдарынан бейбіт азаматтар зардап шекпеген.
Дрон соққысы жайлы хабар Сирияның оңтүстігіндегі Америка бекінісі шабуылға ұшырағаннан кейін екі күннен соң айтылып отыр. Ригсби бұл аталған шабуылға жауап ретінде жасалған соққы ма, жоқ па, ол жағын ашып айтпады.
АҚШ осы аптада Сириядағы Әл-Танф Гаррисон әскери базасына шабуыл жасалғанын хабарлаған. Ақпаратқа қарағанда, Америка әскері зардап шекпеген.
Ригсбидің айтуынша, "Әл-Қаида" АҚШ пен одақтастарына әлі де қауіп төндіріп отыр және Сирияны жасырын ошақ ретінде пайдаланады.
Сириядағы он жылдық соғыс 2011 жылы наурызда үкіметке қарсы наразылықты басып-жаншудан басталған. Президент Башар әл-Асад Ресей мен Иран әскерінің қолдауының арқасында Сирияның басым бөлігін бақылауға алған.