Футболдан әлемнің үш дүркін чемпионы, бразилиялық Пеле тоқішектегі ісікті алдырту отасынан кейін ем қабылдаған ауруханадан шықты. Бұл туралы ҚазАқпарат Reuters агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қыркүйекте Пелеге тоқішегінен ісікті алдырту отасы жасалды. 8 желтоқсанда ол ем қабылдау үшін жоспарлы түрде ауруханаға жатқызылған.
«Пациенттің жағдайы тұрақты. Ол қыркүйекте анықталған тоқішек ісігін емдеуін жалғастырады», - делінген аурухана мәлімдемесінде.
Пеле – футболдан әлемнің жалғыз үш дүркін чемпионы (1958, 1962, 1970). Ол Бразилия құрамасының құрамында 92 матч өткізіп, 77 рет гол соққан. Пеле Халықаралық футбол федерациясының нұсқасы бойынша ХХ ғасырдың үздік футболшысы танылды. Форвард бразилиялық «Сантос» (1956-1974) және американдық «Нью-Йорк Космос» (1975-1977) үшін ойнаған. Спорттық жолында қақпаға 1279 рет доп салған Пеленің есімі Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген.