Ұлттық банк пен Қаржы министрлігі ноталар мен мемлекеттік облигация ұстаушыларын және алынған сыйақы сомасын үнемі жариялап отыруы керек. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Аманжан Жамалов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өткен аптада Мәжілістің жалпы отырысында базалық мөлшерлеме мәселесі талқыланды. Үкіметпен бірге базалық мөлшерлеме төмендеуге тиіс деген қорытындыға келдік. Ол үшін объективті себептер бар. Бірінші кезекте, экономиканы қолжетімді кредиттеуге деген аса қажеттілік. Ұлттық банктің өзінен анық жауап алған жоқпыз. 25 сәуірде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 13,5%-дан 14%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады. Ұлттық банк өз шешімін, біріншіден, «инфляцияға қарсы саясатты» жүргізуге деген бейілділікпен, екіншіден, «геосаяси тәуекелдермен» және үшіншіден «оң фискалдық импульспен» түсіндіреді. Инфляция туралы айтатын болсақ, онда жылдық инфляция - 12%. Бұл базалық мөлшерлемеге қарағанда төмен. Көптеген дамыған елдер бұрыннан теріс шынайы мөлшерлемеге көшкен. Мысалы, АҚШ-тағы инфляция – 8%, ал ФРЖ мөлшерлемесі – 0,5%. Ал бізде керісінше, базалық мөлшерлеме ресми инфляциядан бақандай 2%-ға жоғары. Яғни, Ұлттық банктің өзі инфляцияның одан әрі ұлғаюына итермелеп отыр. Өйткені, инфляцияның қорқынышты құрамдас бөліктерінің бірі – инфляцияны күту», - дейді Аманжан Жамалов Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.
Оның айтуынша, санкциялық қысымға қарамастан, Ресей банкі негізгі мөлшерлемені 17%-дан 15%-ға дейін, ал алдағы уақытта мүлдем 10%-ға дейін төмендетуді жоспарлап отыр.
«Оң фискалдық ынталандыру» деп аталатын іс-шаралар дәл осы Ұлттық банктің саясатына тікелей байланысты. Экономикада қолжетімді кредиттер болмағандықтан, Үкімет жеңілдікті кредит беру мен субсидиялауға 500 млрд теңге бөлуге мәжбүр екенін бұған дейін айтқан едік. Мынадай қарапайым сұрақ туындайды. Бұл кімге тиімді? Ұлттық банк кімнің мүддесін басшылыққа алады? Жауап сұрақтың өзі сияқты қарапайым – банктерге тиімді. Базалық мөлшерлеме Ұлттық банктің ноталары мен Қаржы министрлігінің облигациялары бойынша банктердің кірістерін тікелей айқындайды. Қазір Ұлттық банктің ноталарында 1,5 трлн теңге бар, сондай-ақ 11 трлн теңгені Қаржы министрлігінің облигацияларына орналастырған. Осы облигациялар бойынша төлемдер де базалық мөлшерлемеге байланыстырылған. Өткен жылы ғана банктер Ұлттық банкке салымдар мен бағалы қағаздар бойынша пайыздарда 500 млрд теңгеден астам пайда тапты. Әрі сол кезде базалық мөлшерлеме 9% болды. Шамасы, бұл оларға жеткіліксіз. Биыл банктердің кірістері одан да көп болмақ. Демек, қазақстандықтар үшін – инфляция, ал банктер үшін – қолайлы жағдай», - деді депутат.
Аү Жамалов Ұлттық банктің жоғары мөлшерлемелер саясатын мақсатты жүргізуін ескере отырып, мынадай шаралар қабылдау қажет деп есептейді:
- Қаржы министрлігі мемлекеттік бағалы қағаздарды базалық мөлшерлемеге байланыстырмай шығару мүмкіндігін зерделесін. Бұл ретте нарықтың қажеттіліктерін негізге алу керек. Әрі бірінші кезекте облигацияларды банктерге емес, зейнетақы қорына және зейнетақы активтерін басқарушыларға бөлген жөн. Яғни, оларға тікелей мемлекеттің облигацияларын сатып алу мүмкіндігін беру керек. Осылайша, олар бойынша пайданы банктер емес, халық алады.
- Қаржы министрлігі базалық мөлшерлеменің мөлшеріне сілтемелердің бар-жоғы тұрғысынан салық және басқа да заңнамаға тексеру жүргізсін. Өсімақының, тұрақсыздық айыбы мен басқа да төлемдердің мөлшерлерін базалық мөлшерлемеден ажырату бойынша ұсыныстар әзірлесін.
- Азаматтар қандай банктердің жоғары мөлшерлемеден пайда табатынын білетіндей Ұлттық банк пен Қаржы министрлігі ноталар мен мемлекеттік облигациялардың ұстаушыларын және алынған сыйақы сомасын үнемі жариялап отырсын.