14 нау, 2022 сағат 21:46

Павлодардың тұрақтандыру қорында қант жеткілікті


Павлодардағы тұрақтандыру қоры күн сайын серіктес дүкендерге қант жеткізеді. Қазір қорда 1 мың тонна қант бар, бұған қосымша Тараз зауытынан 900 тонна әкелінеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Рavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап

Өңірлік кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Талғат Дугаловтың айтуынша, бүгін тұрғындар арасында дүрлігу басылған. Тұрақтандыру қоры бұрынғыдай өз дүкендеріне қанттың келісін 240 теңгеден босатуда, ал сөрелерде 264 теңгеден сатылады. 

- Өткен аптаның соңынан бастап облыс дүкендерінде дүрлігу басталғаны белгілі. Ең алдымен, бұл Ресейдің шекараны жауып тастағанына байланысты, екіншіден, әлеуметтік желілерде азаматтардың дүкен сөрелерінен жаппай қант сатып алып жатқаны түсірілген видео пайда болды. Бұдан кейін мұндай жағдай бізде де басталды. Бұрын қантқа тапсырысқа 20-30 өтінім алсақ, қазір бұл көрсеткіш 100-ге жетті, - деді Талғат Дугалов.

Ол әлеуметтік дүкендерге бір тоннадан артық босатылмайтынын, ірі сауда желілеріне санына байланысты 10-нан 20-ға тоннаға дейін жіберілетінін айтты. 

Қордағы өнім жарты жылға жетеді, қажет болған жағдайда қосымша сатып алынады. Бағаны анықтау жөніндегі комиссия өнімнің құнын қайта қарауы мүмкін, себебі қантқа сұраныс артып отыр. 

Айта кетер жайт, Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар өнім төңірегіндегі дүрлігу ресейлік импорттаушыдан өнімді әкетуге тыйым салу салдарынан пайда болды. ҚР Сауда және интеграция министрлігі тапшылық туралы ақпаратты жоққа шығарды.