15 қаз, 2022 сағат 13:31

Павлодардағы мектептердің бірінде оқушылар жанжал шығарды


Полиция Павлодардағы мектептердің бірінде болған жанжал дерегі бойынша тексеру жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

14 қазанда сағат 17.26-да Павлодар қаласының полициясына Ткачев көшесінде орналасқан мектептің оқушылары арасындағы жанжал фактісі бойынша хабарлама келіп түсті. Полиция қызметкерлері үзіліс кезінде сағат 16.35-те баспалдақ алаңында 7-ші және 8-ші сыныптардың (2008 және 2009 жылы туған) екі оқушысы арасында иық соқтығысуына байланысты жанжал туындағанын анықтады.

"Кәмелетке толмағандардың бірі екіншісінің беті мен желке аймағына кеңсе пышағымен дене жарақатын салған, сондай-ақ өзінің оң қолының саусақтарын жарақаттаған", - деді жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы Арай Төлемісова.

Кәмелетке толмағандар ауруханаға жеткізіліп, тексеруден кейін екеуі де үйге амбулаториялық негізде жіберілген. Жәбірленушінің ата-анасы арыз беруден бас тартты.

Дене жарақатын келтірген оқушының заңды өкілдеріне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды.