Фото: Tengrinews.kz
Павлодарда Жастар үйінің кәмелетке толмаған тәрбиеленушісін зорлау ісі бойынша сот процесі аяқталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.
2022 жылы 16 жастағы қыз үш жігіттің топтасып қорлауынан кейін 10 қабатты үйдің терезесінен секіріп кеткен.
Айыпталушы тарапта үш адам болған, олардың біреуі - 19 жаста. Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны ҚР ҚК-ның 120-бабы 3-1-бөлігі "Кәмелетке толмағанды зорлау", 121-бабы 3-1-бөлігі "Кәмелетке толмағанға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері" бойынша кінәлі деп танып, 15 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Сондай-ақ, ол жәбірленушіге моральдық шығын ретінде сегіз миллион теңге төлеуге міндеттелді.
Сот осы іс бойынша тағы екі айыпталушыны ҚР Қылмыстық кодексінің 434-бабы "Қылмыс туралы хабарламау" бойынша төрт жылға бас бостандығынан айырған.
"Оқиғадан кейін, қыз секіріп кеткен соң, олар жедел жәрдем шақырмаған. Бірақ оқиғаға куә болған. Ештеңе болмағандай тарап кеткен", - дейді Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер басқармасының судьясы Бақыт Нұрланов.
Сотталғандар жазасын орташа қауіпсіздіктегі түзеу мекемесінде өтейтін болады. Процесс жабық есік жағдайында өтті. Сотталушыларды адвокаттардан бөлек ата-аналары мен жақын туыстары қорғады.
Бастапқыда қызды топтасып зорлағаны хабарланған. Бірақ кейін оны үш жігіттің бірі зорлағаны белгілі болды. Топтық қорлаудан қорыққан ол көпқабатты үйдің терезесінен секіріп кеткен.
Қыз ағаштарға құлап, аман қалған. Бір жылдан аса Астана мен Павлодардағы ауруханаларда жатып, бірнеше ота жасалған.