Павлодарда сот жасөспірім қызға шабуыл жасаған әйел мен ер адамды жазалады. Оқиға аялдамада болған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.
Зардап шеккен оқушы қыздың анасының айтуынша, оның қызы мен құрбысы автобус күтіп тұрған.
"Қызым аяғын орындыққа қойып, телефонмен сөйлесіп отырған. Ер адам мен әйел оған ескерту жасаған. Қыздар жауап беріп, тіпті тұрып, өзіміз сүртеміз деп айтқан. Бірақ ер адам мұнымен тыныштанбаған, қызымды шашының түсіне бола балағаттап, бірдеңе қолданатынын айтып, оны нашақор деп жамандаған. Қызым жауап ретінде дөрекі сөйлеген, содан кейін әйел оның шашынан ұстап, аялдаманың артына сүйреп апарып, ұрған", - деді қыздың анасы.
Әйелдің айтуынша, қызы оған телефон соғып, ұрып-соғып жатқанын айтып үлгерген. Артынша шабуылдаушылар оның телефонын алып, жерге лақтырып, сындырған, ал ер адам қыздың қолынан жібермей ұстап тұрған.
Instagram-да жарияланған кадрларда жасөспірім оны жіберуді өтініп жатқаны, ал ер адам полиция шақыруды сұрағаны көрінеді.
"Полицияны ешкім шақырған жоқ, патруль өтіп бара жатып, тоқтап, бірден баланы жіберуді талап еткен", - деді әйел.
Қыздың анасы полицияға арыз жазған. Сот-медициналық сарапшылардың қорытындысына сәйкес, кәмелетке толмаған бала жеңіл жарақат алған.
"Павлодар облысының әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған соты екі шабуылдаушыны да ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, ер адамды 10 тәулікке қамауға алу туралы үкім шығарды. Сот оның оқиға кезінде жеңіл дәрежеде масаң күйде болғанын, сондай-ақ бұрын алкогольдік ішімдік ішіп, қоғамдық орындарда тұрғындарды мазалағаны үшін айыпталғанын ескерді. Әйелге 36 200 теңге айыппұл салынды", - деп хабарлады облыстық "Семья и дети. Павлодар" қоғамдық бірлестігі.