Аққулы ауданының Шарбақты ауылында тұратын көпбалалы отбасында улы газды анықтайтын құрылғы орнатудың нәтижесінде қайғылы жағдайға тосқауыл қойылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" pavlodarnews.kz агенттігіне сілтеме жасап.
Бес бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Бибігүл Сейтімова кешкі сағат 21.30-22.00 шамасында әдеттегідей пеш жағып, балаларды ұйықтатуға қамданып жатқан. Кенеттен қабырғада ілулі тұрған құрылғы дабыл қағып, пештің жалынан түтін шыға бастаған. Дереу балаларды далаға шығарған ана үйдің есік-терезесін желдетуге кіріскен.
«Қалаға барсам да, басқа жерге шықсам да бес баламды бірдей алып жүре алмаймын, - дейді Бибігүл Сейтімова. - Астанадағы бес қайғылы оқиғадан кейін балаларды жалғыз қалдыруға да қорқатын болдым. Улы газдың алдын алатын құрылғы орнатылғаннан кейін жаным тыныш тапты. Үлкен қызыма құрылғы дабыл қақса, тез арада далаға шығып, жақында орналасқан мешітке барыңдар деп ескертіп қойдым».
4 ақпан күні аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ринат Каркинбаев пен аудандық өрт бөлімінің қызметкерлері Аққулы, Шарбақты және Жамбыл ауылдарындағы көпбалалы үйлерді аралап, қайырымдылық акциясы шеңберінде улы газды анықтайтын құрылғы орнатып берген. Ажал аузынан аман қалған ана аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшылығына алғысын білдіріп, қауіпсіздік мақсатында әрбір үйге осындай құрылғы қажет екенін айтады.
Еске сала кетейік, биыл жергілікті бюджет есебінен 840 мың теңгеге аз қамтамасыз етілген 25 көпбалалы отбасының үйлеріне жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі таңда ауданда 461 көп балалы отбасы тұрады. Айта кетерлігі, Қазақстан электролиз зауыты Павлодар облысының тұрғындары үшін 125 дана улы газдан қорғайтын құрылғы бөлген. Оның 25-і Екібастұз қаласы тұрғындарының үйлеріне, қалғандары облыстың жеті ауылдық елдімекендеріндегі үйлерге орнатылады.