31 шіл, 2025 сағат 11:46

Павлодарда TAKORP қаржы пирамидасын ұйымдастырғандарға үкім шықты

Фото: ашық дереккөз

Павлодарда өзін АҚШ-тың инновациялық жарнама платформасы ретінде таныстырған «TAKORP» қаржы пирамидасын ұйымдастырған тұлғаларға қатысты сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды Ult.kz.

Тергеу мәліметінше, алаяқтық схема «OKX» криптобиржасы арқылы тіркелу, инвестиция салу және кемінде 5 жаңа қатысушыны тарту секілді талаптарға негізделген. Жаңа салымшыларды әкелгендерге «бақ дөңгелегіне» қатысып, сыйлық ұту мүмкіндігі уәде етілген.

80-нен астам азамат жобаның уәделеріне сеніп, 30-дан 500 АҚШ долларына дейінгі қаражат салған. Кейбірі 2 000 АҚШ долларына дейін бонус аламыз деп үміттенген. Қылмыстық жолмен алынған табыстың жалпы сомасы 59 млн теңгеден асқан.

Пирамиданы насихаттау мақсатында Zoom арқылы онлайн жарнама кездесулері өткізілген. Онда қатысушылардың әл-ауқатын арттыру туралы айтылғанымен, басты мақсат — жаңа салымшылар тарту болған.

Жиналған қаржыға күдіктілер Павлодар қаласынан пәтер сатып алып, төрт банк депозитін ашқан. Бұл мүліктерге сот шешімімен тыйым салынды.

Сот айыпталушыларға қатысты 1 жыл 6 айдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Зардап шеккен азаматтардың шығындары азаматтық іс жүргізу аясында өтелетін болады.