31 нау, 2023 сағат 17:19

Павлодарда оқушы қызды екі рет көлік қағып кете жаздады

видеодан алынған кадр

Павлодарда оқушы қызды екі рет көлік қағып кете жаздады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ІІМ Telegram арнасына сілтеме жасап.

"Бейнематериалдардың бірінде жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі тіркелген. Екі жүргізуші реттелмеген жаяу жүргіншілер жолынан өтіп бара жатқан кәмелетке толмаған қызды жолдан өткізбеген. Кездейсоқтықтың арқасында қыз соқтығысудан екі рет аман қалды. 

Жаяу жүргіншіге өтуге мүмкіндік бермегені үшін Hyundai Accent автокөлігінің 36 жастағы жүргізушісі және Volkswagen Touran автокөлігінің 56 жастағы жүргізушісі ҚР ӘҚБтК-нің 600-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әрқайсысына 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Сондай-ақ жүргізушілермен осындай фактілерге жол бермеу туралы алдын алу әңгімесі жүргізілді" - делінген хабарламада.

Полиция жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау, жаяу жүргіншілер жолдарының, автобустар мен трамвай аялдамаларының жанында сергек және мұқият болу туралы ескертеді.