12 қаз, 2022 сағат 10:14

Павлодарда кезекте тұрғандарға арналған баспананы сатқан мемлекеттік қызметкер сотталды


Павлодарда қалалық қаржы бөлімінің бұрынғы қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты. Әйел сыбайластарымен бірге кезекте тұрғандарға арналған екі пәтер мен жатақханадағы бір бөлмені сатып, 18 миллион теңге табысқа кенелген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

Іс материалдарына сәйкес, 36 жастағы әйел қаржы бөлімінің тұрғын үйді жалдау және жекешелендіру секторының бас маманы қызметін атқара жүріп, бос пәтерлерді тауып, жалған жекешелендіру келісімшарттарын жасап, оларды ресми түрде мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алуға құқығы бар үміткерлерге ресімдеген.

Оның сыбайластары болған екі заңгер жалған азаматтарды тауып отырған. Олар Семей полигонындағы ядролық сынақтардан зардап шеккен зейнеткерлер мен зардап шеккендер арасынан болған. Тұруға арналмған пәтерлер алаяқтық жолмен жекешелендіріліп, жаңа иелеріне тіркеліп, кейін нарық бағасынан екі есе төмен бағада сатылып отырған.

Сотта экс-шенеунік куәгерлер мен айыпталушылар өзіне жала жапқанын айтып, өз кінәсін мойындамаған. 

"Сотталушы өз кінәсін толық мойындамағанына қарамастан, сот оның кінәсін негізгі сот талқылауы барысында зерттелген дәлелдемелермен толық расталған деп санайды", -  делінген сот үкімінде.

Павлодар қаласының №2 соты Павлодар қаласы қаржы бөлімінің бұрынғы қызметкерін бір топ адаммен алдын ала ауыз жаласу арқылы мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті бола тұра өзінің қызметтік бабын пайдалана отырып, аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны, жалған құжаттарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Айта кетейік, үкім жарияланған соң бірден экс шенеунік қамауға алынды. Әйел жазасын орта қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінде өтейтін болады.

Тағы екі сотталушы 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын алды. Сот олардың шын жүректен өкінуін, кінәсін мойындауын, тергеуге көмектесуін және кішкентай балаларының болғанын ескерген.