25 қар, 2022 сағат 10:56

Павлодарда денесін күйік шалған әйелдің балалары өрт жайлы айтып берді


Өрттен зардап шеккен павлодарлық әйелдің балалары анасын соңғы кездері бірге тұрған ер адам өртегенін айтты. Полиция оқиғаны адам өлтіруге оқталу ретінде тергеп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

4 қабатты үйдегі пәтерлердің бірінде 22 қарашаға қараған түні өрт шыққан. Оқиға орнына жеткен өртсөндірушілер өрттен бес адамды, оның ішінде үш баланы алып шықты. Өртсөндірушілер келгенше 36 жастағы ер адам мен 27 жастағы әйел ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Олар үшінші дәрежелі күйік алған.

Құтқарылғандар арасында зардап шеккен әйелдің екі оқушы баласы бар, олардың біреуін ол өзі өртеніп жатқан үйден шығарып үлгерген.

Балалар жергілікті еріктілерге оқиғаның мән-жайын айтып берген. Олардың айтуынша, пәтерде өрт шығарған анасы бірге тұрып жатқан ер адам.

"Ер адам олардың анасын бірнеше рет сабаған, 22 қарашада үйіне бір бөтелке бензин әкеліп, әйелге шашып, өртеп жіберген. Шамасы, өзіне де тиіп кеткен. Өзін өртегісі келмеген болар. Бірақ екеуі де отқа оранған, балалар үйде болған. Анасы үсті жалындап жатқанына қарамастан бір баласын ұстап, сыртқа шығарған. Екінші баланы сол үйде тұратын құрбысы шығарған", - деді Instagram желісінде "Поисковики города Павлодара Vita" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Екатерина Кудрявцева.

Қазір екі ұл да әжесінің қасында, анасының келуін күтіп жүр. Жақында ғана оны реанимациядан палатаға ауыстырған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, әйелдің денесінің 30 пайызын күйік шалған. Ер адамның денесінің 63 пайызын күйік шалып, жансақтау бөлімінде жатыр.

Еріктілердің айтуынша, 24 қарашада олар өртенген пәтерге барған.


Өртке қатысты іс адам өлтіруге оқталу ретінде тергеліп жатыр.

"22 қарашада сағат 23:02-де Павлодардағы Ломов көшесі бойында екі тұрғын зардап шеккен оқиға бойынша полиция 24-баптың 3-бөлігі ("Қылмыс жасауға тура бағытталған, тікелей пиғылмен жасалған әрекеттер (әрекетсiздiк), егер бұл ретте қылмыс адамға байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейiн жеткiзiлмеген болса, қылмысқа оқталу деп танылады") бойынша соталды тергеу жүргізіп жатыр және ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігі 6-тармағы "Басқа адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен жасалған кісі өлтіру". ҚР ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес соталды тергеп-тексеру деректері жария етілмейді", - деді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдері.