10 там, 2022 сағат 16:33

Павлодарда балабақша тәрбиешісі баланы соққыға жыққан - видео


Павлодарда балабақша қызметкері баланы төсекке жатпағаны үшін соққыға жыққан. Оқиға мектепке дейінгі мекемеде орнатылған бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Қызметкер жұмыстан босатылып, оған қатысты материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді, - деп хабарлайды Massaget.kz

Кадрларда балабақша қызметкері кішкентай қызды ұстап алып, қалай төсекке күштеп жатқызғаны, кейін үстін жауып, қолымен бірнеше рет ұрғаны көрсетілген. 

Қалалық білім бөлімі мәліметінше, оқиға Павлодардағы №4 балабақшада болған. Баланың анасы мектепке дейінгі мекеме әкімшілігіне қызының аяғындағы көгерген жеріне шағымданған.

"Бейнебақылау камерасын тексеру кезінде тәрбиеленуші кереуеттің шетіне өзі соғылғаны анықталды. Алайда камералардан жазбаларды одан әрі қараған кезде тәрбиеші көмекшісі "Б" кіші тобының тәрбиеленушісін ұрғаны анықталды. Бұл жағдай 9 тамызда ұйықтайтын бөлмеде балаларды күндізгі ұйқыға жатқызу кезінде болған", - деп түсіндірді Павлодар Білім беру бөлімі өкілі.

Ведомство мәліметінше, мектепке дейінгі ұйым басшысының міндетін атқарушы және кіші топ тәрбиешісінің көмекшісінен түсініктеме алынған.

"Жұмыс берушінің бастамасымен кіші топ тәрбиешісі көмекшісінің еңбекшарты бұзылды. Дұрыс бақыламағаны үшін мекеме басшысының міндетін атқарушыға сөгіс түрінде тәртіптік жазалау шаралары қабылданды", - деп атап өтті Павлодар қаласының білім беру бөлімі қызметкері.

Барлық материал құқық қорғау органдарына жіберілген.