25 шіл, 2023 сағат 11:45

Павлодар тұрғыны Ресей бидайын қазақстандық өнім деп сатқан

Фото ашық дереккөзден алынды

ҚМА Павлодар облысы бойынша департаменті ресейлік бидайды қазақстандық өнім ретінде экспорттау үшін жалған келісім-шарттар бойынша заңсыз әкелу схемасын анықтады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

"Анықталған азамат 2021-2022 жылдар аралығында 26 мың тонна ресейлік бидайды Орталық Азия елдеріне (Ауғанстан, Тәжікстан, Өзбекстан) қазақстандық өнім деп жазылған жалған шот-фактуралар бойынша 1 миллиард теңгеден астам сомаға экспорттаған. Осылайша, жалпы сомасы 460 миллион теңге болатын халықаралық транзиттік тариф бойынша тасымалдау төлемдерін төлеуден жалтарған.

Сотқа дейінгі тергеу аяқталды. 

ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес тергеу мүддесіндегі өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды", - делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, адал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің мүддесін қорғау мақсатында бидай өткізуге байланысты жалған шот-фактураларды заңсыз беру фактілерінің жолын кесу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тек соңғы бір жарым жылда Павлодар облысында 5,4 млрд теңгеден астам сомаға жалған шот-фактураларды бергені үшін 5 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған.