Павлодар қаласының тұрғыны Елена Юрченко Нұр-Сұлтанға барған сапары кезінде болған ыңғайсыз жағдай үшін теміржолшылардан бес миллион теңге талап етті. Арбада отыратын бірінші топтағы мүгедек әйелдің айтуынша, вагонға кіруіне жолаушылар көмектескен, себебі пойызда арнайы көтергіш құрал болмаған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Павлодарлық тұрғын талап арызын "Жолаушылар тасымалы" АҚ атына жіберіген. Оның айтуынша, былтыр мамырда Павлодардан Нұр-Сұлтанға және кері қайту сапарында мүгедектерге арналған вагондар арнайы көтергіштермен жабдықталмаған.
"Пойыз қызметкерлері вагон ескі екенін, олар ештеңе істей алмайтынын айтты. Бірақ мен билетті мүгедектерге арналған арнайы орынға сатып алғанмын. Көрші купеде менің қасымда көмекші әйел жүруі керек болған, бірақ оны басқа вагонға апарып тастады. Мені вагонға әржаққа қозғалып тұрған бұзылған құралмен кіргізді. Ал Нұр-Сұлтанда ешқандай құрал болмады. Мені жолаушылар түсірді", - дейді әйел адам.