Фото: Polisia.kz
Павлодар облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдері прокуратураның үйлестіруімен бопсалаумен айналысқан қылмыстық топты ұстады, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қылмыстық топ құрамына жасы 25 пен 35 аралығындағы адамдар кірген.
"Қазіргі уақытта күдіктілердің бопсалаудың бес фактісіне қатысы бар екені анықталды. Сонымен қатар топ мүшелерінің Павлодар облысының аумағында қаруды қолданумен бұзақылық жасауға және пәтер ұрлығына қатысы бар-жоғы да тексеріліп жатыр.
Тінту шараларының нәтижесінде қатысушылардан бес атыс және травматикалық қару, қолдан жасалған кастеттер, биталар мен пышақтар, сондай-ақ РГД-5 гранатасы тәркіленді" - делінген хабарламада.
Тәркіленген қару бойынша сараптама тағайындалған.
"Қылмыстық топтың жеті мүшесі ұсталды, оның ішінде ең белсенді үш қатысушысы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жедел-тергеу шаралары жалғасып жатыр. Тергеу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бірнеше бабтары бойынша жүргізілуде", – деді ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.