09 шіл, 2018 сағат 15:04

Павлодар облысында шенеуніктер 13 жыл бойы "зейнетақыны сатып келген"

Павлодар облысында шенеуніктер 13 жыл бойы "зейнетақыны сатып келген". Бұл туралы Ұлттық бюроның Tengrinews.kz тілшісі жолдаған ресми сауалға берген жауабында айтылады.

Ведомство мәліметінше, облыстық "Әлеуметтік төлемдердің ведомствоаралық есептеу орталығы" департаменті басшысының орынбасары Лукашова, Павлодар облысы бойынша Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті департаментінің бөлім басшысы Смағұлова және тағы басқа тұлғалар аса ірі көлемде бюджет қаражатын ұрлаған.

"Қызметкерлер ұзақ уақыт бойы 2005 жылдан бері жүйелі түрде өздерінің қызметтік өкілеттіктерін пайдалана отырып, 300 мың теңгеден бастап 1 миллион теңгеге дейін заңсыз түрде зейнетақы рәсімдеп келген. Бірақ ол тұрғындар әлі зейнет жасына жетпеген болып шықты", - деп хабарлады Ұлттық бюро өкілдері.

50-ден аса жалған зейнеткері анықталған. Осылайша мемлекетке 120 миллион теңге көлемінде залал келтірілген. Зейнетақы құжаттры жалған құжаттармен жасалған.

"2018 жылдың 15 мамырынан бастап Смағұлова үй қамауына алынды. Ал Лукашова 31 мамырда қамауға алынды. Қазіргі уақытта айыптау актісі бар қылмыстық іс прокуратураға жолданды", - деді ведомство өкілдері.