Фото: pixabay.com
Павлодар облысында екі бала суға кетті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" pavlodarnews.kz порталына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға Екібастұз қаласына қарасты Бәйет ауылында болған.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 5 шілдеде Бәйет ауылында 6 және 7-сыныптың екі оқушысы сағат 18.00-де үйден каналға қарай шығып, жоғалып кеткен.
"Жақын жерде ата-аналары мен басқа ересектер болмаған. Балалардың заттары жағадан табылды. Құтқарушылардың күшімен денелері табылып, судан шығарылды", - деді департамент өкілдері.
Шомылу маусымы басталғалы бері өңірде үш адам суда батқан.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері судағы қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздығы туралы еске салады.