Павлодар облысында ауызсуы тұтынуға жарамсыз 69 ауыл бар. Жыл соңына дейін оның 9-ында жағдай түзеледі деп күтілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Ирина Сорокина мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
«2018 жылы өңірдегі барлық ауылдық жерлерде ауызсудың сапасын тексеруді қолға алдық. Нәтижесінде 85 ауылдық жердегі судың сапасы талапқа сай келмеді. Яғни, үлкен ұңғымалар мен жеке құдықтар тексерілді. Бүгінде ауызсудың сапасы нашар 69 ауыл бар. Залалсыздандыру жұмыстары жасалуда. Кейбір жерлерде тек сүзгілерді ауыстыру қажет болды. Жыл соңында 60 ауыл қалады деген ойдамыз. 5 ауылдан тұрақты түрде сынама алып отырамыз. Өйткені, су ылғи өзгеріп отырады. Кейде таза, кейде талапқа сай болмай шығады. Облыстық Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасымен бірге жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Су сапасын жақсарту үшін тиісті шаралар жасалуда», - деді Ирина Сорокина.
Оның айтуынша, өңірдегі су құбырлары да бактериологиялық көрсеткішке байланысты тексерістен өтіп тұрады. 94 су құбыры бақылауда. 230 сынама алынып, 9-ы талапқа сай келмеген.
«Сонымен қатар, су қоймаларынан сынамалар алып отырамыз. Бұлар демалыс орындары. Бұнда судағы вирустарды анықтау бойынша шаралар атқарылады. Судағы вирустардан адамдар циррозды менингитпен ауыруы мүмкін. Ол туралы бұдан бұрын да айтылды. Ол – уақытша аурулар. Биыл циррозды менингиттің 37 оқиғасы тіркелді. Бұл – қарапайым маусымдық көрсеткіш», - деді ол.
Айта кетейік, биылғы шомылу маусымында су қоймаларынан 200-ден астам сынама алынып, Павлодар қаласындағы жағалау маңынан 5 сынама талапқа сай болмай шыққан.