Павлодар облысында бастауыш сынып оқушылары жуық арада тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, мектептердің қамқоршылық кеңестерімен кездесуде өңір басшысы Болат Бақауов айтқан.
Әкім алдымен Instagram парақшасына жазып, ата-аналардан өзекті мәселелерді қозғауын сұраған. Отырысты да ата-аналардан келіп түскен арыз-шағымдардан бастаған.
«Маған 350-ден астам ұсыныс келді. Соның көбі парталарды, кабинет терезелерін жаңалау, істемей тұрған мектеп бассейндерін қалпына келтіру, жалпы білім мекемелерін абаттандыру мәселелеріне қатысты», - деді облыс әкімі.
Айтылған өзекті мәселелердің тағы бірі – мектептегі тамақтың сапасына қатысты болды. Өңір басшысы да мектеп асханаларының бірінде тамақтанған екен.
«Біз қанша қарсы болсақ та, мектеп асханасында шоколад сатылып жатыр», - деді Б. Бақауов.
Одан әрі өңір басшысы жуырда бүкіл облыста 1-4 сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылатынын жеткізіп, ата-аналардан тамақтың сапасын қадағалауды сұрады. Бюджетке жергілікті инвесторлар мен меценаттар көмектеседі.
Бұдан бөлек, облыс әкімі мектеп маңын бөтен машиналармен толтыруға тыйым салынатынын айтты.
Отырыста қозғалған мәселелердің тағы бірі – 15 жастағы оқушылардың қоғамдық көлікте жүруіне берілетін жеңілдік. Қазір облыста қисынсыз жайт қалыптасқан: колледждердің 1-2 курстары қоғамдық көлікте жолақының жартысын төлейді, ал олардың мектепте оқитын құрдастарына мұндай жеңілдік жоқ.
Болат Бақауов осы мәселеге де тоқталуға уәде берді.