13 мам, 2022 сағат 19:24

Павлодар облысы ПД басшысының орынбасары қамауға алынды


Павлодар облысы полиция департаменті басшысының орынбасары қылмыстық топ құрамында бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен қамауға алынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Бұл туралы Павлодарда өткен баспасөз мәслихатында ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мәлімдеді.

"Ол бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет соталды тергеу жүргізіп жатыр, біздің қызметкерлер де жедел-тергеу тобына кіреді. Алғашқы тергеу нәтижелеріне сәйкес оның қаржы жымқыру дерегіне қатысы бары анықталды. Бүгінде ол қамауға алынды", - деді Ахметжанов.

ІІМ министрі тергеу мәліметтері бойынша, полиция қызметкерлері полиция департаментінің қажеттіліктері үшін материалдық-техникалық құралдарды сатып алу кезінде қаражат жымқырған.

"Осы жабдықты сөз байласып жеткізген бірқатар кәсіпкерлер де ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынды", - деді Ахметжанов.

Күдіктілердің арасында Павлодар облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Нұрлан Мәсімов те бар.

"Тергеу барысында жаңа деректер анықталып жатыр. Департаменттің бұрынғы басшысы да осы қылмыстық әрекеттерді жасады деген күдікке ілінді", - деді Ахметжанов.