Монополияға қарсы департамент Павлодар облысының прокуратурасымен бірлесіп, Павлодар мұнай-химия зауытының үстем жағдайын теріс пайдалану дерегін анықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті өңірлік прокуратура басшылығымен "Павлодар мұнайхимия зауыты" ЖШС қызметін ведомствоаралық тексеру шеңберінде 2021 жылы шикі мұнайды қайта өңдеу бойынша жұмыстарды орындауға монополиялық жоғары баға белгілеу түрінде зауыттың үстем жағдайын теріс пайдалану дерегін анықтады", - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, монополияға қарсы департаменттің қорытындысын прокуратура іс жүргізу шешімін қабылдау үшін Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне жолдаған.
"2022 жылғы 31 наурызда Экономикалық тергеу департаменті 2021 жылы шикі мұнайды қайта өңдеу бойынша қызметтерге монополиялық жоғары бағаны белгілеу дерегі бойынша "ПМХЗ" ЖШС басшылығына қатысты (қылмыстық іс қозғалды) соталды тергеуді тіркеді", - делінген ведомство мәліметінде.