Павлодар облысында пневматикалық қарудан жарақат алған 15 жастағы жасөспірім көзіне тиген оқпен өмір сүретін болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
«Аққулы ауданынан науқастың жеткізілгеніне төрт тәулік өтті. Жедел түрде көмек көрсетілді. Өкінішке қарай, оқ жарақаты салдарынан ол сол жақ көзінен айырылып қалды. Алматы көз аурулары ғылыми зерттеу институтымен байланысқа шықтық. Ота облыстық аурухананың дәрігерлерімен түнде жасалды. Жоспарлы емдеу жүргізілуде. Қазіргі таңда жағдайы қанағаттанарлық деп бағалануда», - деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ораз Мұқашев.
Басқарма басшысының айтуынша, баланың көзіне енген оқ алынбайтын болып шешілді. Себебі ол тереңде орналасқан және қан кету қаупі тым жоғары.
«Жасөспірім көру қабілетінен жарақат алған кезде-ақ айырылған. Сондықтан, тек жоспарлы түрде көзге энуклеация (көз алмасын алып тастау) жасалады», - деді ол.
Облыстық Полиция департаментінің ақпаратына сәйкес, 30 наурыз күні Аққулы ауданының Шарбақты ауылында 18 жастағы жігіт көлдің жағасынан ИЖ-38 пневматикалық қаруын тауып алып, үйдің қақпасына атқан. Бірақ оқ металл есікке жанай тиіп, жанында тұрған өзге балаға - 2004 жылғы жасөспірімге тиген. Ол көзіне алған жарақатпен облыстық балалар ауруханасының офтальмология бөлімшесіне жеткізілді.
Дәрігерлер бөгде затты көзден алып тастау мақсатында магниттің көмегімен жедел ота жасады.
Аталған факті Аққулы ауданының полиция бөлімшесінде тіркелген. ҚР ҚК-нің 107-бабы, 1-бөлігі («Денсаулыққа орташа деңгейде қасақана зиян келтіру») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.