Павлодар қаласында 134 отбасыға көмек ретінде көмір жеткізілуде, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор жетекшісі Әділ Исин әр отбасыға 2 тонна көмір жеткізілетінін атап өтті.
«Қазіргі уақытта қалалық әкімдік аз қамтылған, қиын жағдайға тап болған және әлеуметтік әлсіз санаттағы отбасыларға көмек көрсетуде. Біздің тізімдегі 134 отбасыға 2 тонна көлемінде көмір беріледі», - деді ол.
Отбасылар қалалық әкімдікке, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне келіп жүгінген. Сондай-ақ әкімнің, орынбасарларының қабылдауына келіп, өтініш білдірген. Түскен өтініштердің қорытындысы бойынша тізім жасалады. Бұл – жыл сайын өткізілетін шара.
Әділ Исиннің айтуынша, көмір демеушілердің қаражатына алынған. «Авест» ЖШС өз есебінен көмірді әр отбасыға жеткізуде. Бүгін көмір алғандардың қатарында жұмыссыз ретінде тіркелген Сәбира Баязит та бар.
«Маусым айынан бастап жер үйді жалға алып тұрып жатырмыз. Отбасымызда жұбайым мен 2 балам бар. Атаулы әлеуметтік көмек алып тұрамыз. Көмір берілетінін естіп, Кривенко 25 мекенжайына барып, өтініш білдірдім. Өздері хабарласып, әкеліп беріп жатыр»,- деді Сәбира Баязит.
Айта кетейік, Павлодар қаласында аз қамтылған, қиын жағдайға тап болған және әлеуметтік әлсіз санаттағы отбасыларда 41 мыңнан астам адам бар.