Елдегі барлық ұрлық түрінің ішінде пәтер ұрлығының үлесі 22,5 пайызды құрайды. Бұл туралы ІІМ Қылмыстық полиция департаментінің басқарма бастығы Нұржан Рахметуллаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Пәтер ұрлығының залалы шамалы болған күнде де тура осы қылмыс мүлік иелеріне айтарлықтай материалдық және моральдық зиян келтіреді. Азаматтардың қауіпсіздігі мен өмір сүру жайлылығының жалпы деңгейіне жағымсыз әсер етеді», - деді ол ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.
Осыған байланысты құқық қорғау органдарына қылмыстың осы түрінің алдын алу бойынша ерекше міндеттер жүктеліп отыр.
«Криминогендік жағдайға жасалған талдау көрсеткендей, соңғы 4 жылда республика бойынша пәтер ұрлығының үштен бірге төмендегені байқалады. Осылайша, соңғы 11 айының қорытындысы бойынша 30 мыңға жуық пәтер ұрлығы тіркелген. Бұл былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 7,5 пайызға төмен. Мұндағы қылмыстың жартысы ашылмай қалған. 6733 қылмыскер ұсталды», - дейді ол.
ІІМ өкілінің айтуынша, жалпы саны 150 адамнан тұратын 43 қылмыстық топ ұсталған.
«Осылайша, Алматы қаласында жылдың басынан бері Алматы, Шығыс-Қазақстан және Павлодар облыстарының тұрғындарынан тұратын 7 қылмыстық топ құрықталды. Олар 31 пәтер ұрлығын жасаумен әшкереленген. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақмола, Ақтөбе, Батыс-Қазақстан, Қарағанды Шығыс-Қазақстан облыстарынан «ұры-гастролерлерден» тұратын және жалпы алғанда 50 пәтер ұрлығын жасаған 9 қылмыстық топтың қылмыстық әрекеті әшкереленді», - дейді ол.
Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында құрамына бойжеткен қыз да кірген 4 адамнан тұратын топ ұсталған. Олар бірыңғай шет жатқан аудандарда әрекет еткен. Маңдайшасы бар үйлерді таңдап, ашық тұрған желкөздер арқылы немесе пластик терезелерді ығыстырумен пәтерге енген. Осы орайда қыз бен жігіт ғашық жұптың рөлін ойнап, сақтық шарасы үшін кіреберісте тұрған. Олардың 12 пәтер ұрлығын жасағаны дәлелденген.