21 мау, 2022 сағат 17:15

"Пәтер сатып алған". Ақтөбелік мекеменің бас есепшісі сотталды


Ақтөбеде есепші компанияның ақшасын туыстарының есепшотына аударып, кейін оны қолма-қол ақшаға айналдырып, өзіне жұмсаған. Ол тіпті пәтер де сатып алған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі "Массагет" сайтына сілтеме жасап.

Сот оны 7 жылға бас бостандығынан айырып, пәтері мен тоңазытқышын тәркілеген.

Басылым мәліметінше, 2015 жылы Алға қаласының тұрғыны Светлана Н. "Алға тазалық" коммуналды кәсіпорнында бас есепші болып жұмыс істеген. Ал 2016 жылы компанияның ақшасын жымқырғаны үшін екі рет сотталған. Үкімдердің бірінде ол "Алға тазалық" мекемесінде жұмыс істемейтін екі тұрғынға зейнетақы мен әлеуметтік төлем аударғаны айтылған. Екі қылмыстық іс бойынша ол шартты түрде бас бостандығынан айырылған.

Осылайша, қаржылық қылмысы үшін екі рет сотталған ол 2018 жылы "Неохим" ЖШС мекемесіне бас есепші болып қайта жұмысқа орналасқан. Ол жүктілігіне байланысты демалысқа шыққан соң серіктестік тексеріс жүргізіп, нәтижесінде 64 миллионнан аса қаражат жетпейтіні анықталған. Ал содан кейін тергеу барысында бас есепші серіктестік шотынан туыстарының, оның ішінде анасы мен әпкесінің есепшотына ақша аударғаны белгілі болған. Басылым мәліметінше, есепші жымқырған ақшасына Алғадан пәтер сатып алған, оны күйеуінің анасына аударған.

Бас есепшінің алаяқтығы әшкере болған кезде ол сеніп тапсырылған мүлікті заңсыз иемденді деген айыппен сот алдына қайта келген. Айыпталушы келтірілген шығын мөлшерімен келіспей, оны түрмеге жібермеуді сұраған. Ол төрт бала тәрбиелеп отыр. "Көпбалалы ана" мәртебесі оны қамау мерзімнен құтқара алмаған. Ал серіктестікке 64 миллион теңге көлемінде ақша өтеуі тиіс. Ол сот үкімі жарияланғаннан кейін бірден қамауға алынған.