«Нұр Отан» партиясының жаңғыру аясында қолға алған жобалары өз жемісін бере бастады. Атап айтқанда партияның кітапханалардың қызметін жаңғырту жобасы арқылы қайта жанданған Атырау облысының Индер ауданындағы кітапхана ғимаратындағы коворкинг орталығында «Өз тіліңді құрметте» атты дебаттық турнир болып өтті.
Дебатқа қатысушылар ана тіліміздің тазалығын сақтау, оның деңгейін көтеру жөнінде айтып, латын әліпбиінің заманауи инновациялық қызметі туралы пікір алмасты. Қазіргі уақытта ұялы телефондарда жарнамалар, хабарламалар латын әліпбиімен жазылуда. Сонымен қатар интернет желісінде де латын әліпбиіне аударатын транскрипция орнатылған. Латын әліпбиіне көшу – түркі және жаһандық әлеммен ықпалдасуға, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады деген ойдамын, – дейді дебатқа қатысушылардың бірі Жадыра Нариманова.
Партияның осындай игі істерге мұрындық болып, Елбасы тапсырмаларын орындауды басты мақсат тұтатынын айтқан «Нұр Отан» партиясы Индер аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өтепберген Оразғалиев бүгінгі іс-шараның маңызына тоқталып өтті.
– Өз басым бүгінгі ұрпақтың үш тіл білуін қолдаймын. Мемлекетік тіл – мемлекет құрушы ұлттың тілі, ал орыс тілі – ресми тіл екені белгілі. Ағылшын тілі бүгінгі ғылым мен технологиялардың тілі. Елбасымыз да осы мәселеге үнемі назар аударып келеді. Сондықтан әлемдік ғылымның тілін меңгеру басты қажеттіліктердің бірі болып табылады, – дейді Өтепберген Оразғалиев.