28 ақп, 2020 сағат 20:44

Партия күні аясында «Nur Otan» партиясының қатары 10 адаммен толықты

Жуырда Талдықорғанда «Nur Otan» партиясының құрылғанына 21 жыл толуына орай партияның Алматы облыстық филиалында салтанатты жиын өтті.

Партиялықтарды мерейлі күнмен құттықтаған партияның облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Амандық Баталов өзінің 21 жылдық тарихында «Nur Otan» өзінің жұмысын ел бірлігі мен тұрақтылығын нығайтуға бағыттаған сенімді әрі тиімді саяси тірек ретінде қалыптастырғанын атап өтті:

-  Тәуелсіздік жылдарында Елбасының сындарлы саясатының арқасында біздің қоғамда барлық қазақстандықтарды біріктіретін басты құндылықтар қалыптасып, елдің жарқын болашағы үшін сенімді іргетас қаланды. Олар «Мәңгілік ел» жалпыхалықтық идеясының негізі болды және «Nur Otan» партиясының жаңа саяси доктринасында өзін бекіте түсті. Бұл сара жолды қазір ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастырып келеді. Бүгінгі күні нұротандықтардың басты міндеті – экономканың жаңғырту процесінің, қоғам өмірінің барлық тараптарының басында бола отырып, халқымыздың бірлігін нығайту. Партия күнінің қарсаңында партияластарға партияны қалыптастыру, оның жұмысын ел игілігіне бағыттау жолында қосқан үлестері үшін алғыс айтамын, - деді А. Баталов.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және партиялық жобалардың жүзеге асырылуына қосқан үлесі үшін Амандық Баталов облыстық партия ұйымының 20 мүшесіне филиал төрағасының алғыс хаттарын тапсырды.

Партия күні шеңберінде облыстық филиал мүшелерінің қатары тағы 10 азаматпен толықты. Партиялық билеттер салтанатты жағдайда табысталды.

Бүгінгі күні «Nur Otan» париясының қатарында 104 мыңнан астам жетісулық бар. Өңірде 333 бастауыш партиялық ұйым жұмыс істейді. Тек өткен жылдың өзінде партия қатары 7 мың мүшемен толыққан.

Еске салсақ, партияның негізі қаланған күні 1 наурыз болып есептеледі. 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі