Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары Салық кодексінің жобасына және оған ілеспе екі заң жобасына Сенат енгізген толықтырулармен келісті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қаржы және бюджет комитеті «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Кодексінің жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгертулер мен толықтыруларды қарап шықты. Аталған түзетулер ішінде фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді және дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды есепке алу мен өткізу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді ҚҚС-тан босату қамтылған. Сонымен қатар арнайы инвестициялық келісімшарттар аясында қосылған құн салығы бойынша жеңілдіктер 2018 жылы барлық ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілерге, 2019 жылдан бастап өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім жасасқан өндірушілерге қолдану ескерілген», - деді Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарақұсова.
Осы орайда ол Сенат енгізген өзгерістер мен толықтырулар Мәжіліс мақұлдаған заң жобасының тұжырымдамасын өзгертпейтінін атап өтті.
«Бұл ретте аталған Салық кодексі жобасына Сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларға келісім білдіруді ұсынамыз», - деді депутат.
Бұған дейін ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Кодекс жобасында идеологияны өзгерту, ынталандыру және әкімшілендіруді жеңілдету көзделгенін айтқан болатын.
«Идеология адал салық төлеушілерді қорғауға бағытталады. Экономиканың әр түрлі салалары ынталандыруға ие болады. Әкімшілендіру жеңілдетіледі және салықты өз бетінше төлеуге ынталандырады», - деді министр.