25 ақп, 2022 сағат 13:53

Париж бен Стамбұлда Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған іс-шаралар өтеді


Биыл Париж бен Стамбұлда Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған іс-шаралар өтеді. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ахаң қазақтың ұлт болып сақталып қалуы үшін тілдің орны айрықша екенін зор мән берді. Оның: «Егерде біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашқас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлауымыз керек» деген сөздері – соның айқын дәлелі. Ахаң ұлттық әліпбиімізді әзірлеп, оқулықтар жазды, тіл ғылымына түрен салды. Тілдің ұлтты сақтаудағы орасан зор маңызын жұртымыздың санасы сіңіре отырып, қазақ тілін ғылымға бейімдеді. Осы тарихи еңбегінің арқасында ол қазақ тіл білімінің атасы, ұлт ұстазы атанды. Ахаң негізін қалаған тіл ғылымы оның есімін атауға тыйым салған кеңес дәуірінде де жаппай қолданыста болды», - деді Ерлан Қарин.

Айтуынша, тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарында Ахмент Байтұрсынұлы енгізген терминдер мен ұғымдар ешқашан өзектілігін жоғалтпайды. 

«ЮНЕСКО көлемінде және еліміздің барша өңірінде өткізілетін мерейтой шараларына баршамыз белсене атсалысуымыз қажет. Парижде және Стамбұлда арнайы іс-шаралар ұйымдастырылады. Түркістанда халықаралық конгресс өтеді, басқа да жұмыстар жоспарланған. Соның бәрінде Ахмет Байтұрсынүлының мол мұрасы мен қайреткерлік қызметі дәріптеліп, лайықты баға беріледі деп ойлаймын», - деді Мемлекеттік хатшы.