31 нау, 2017 сағат 14:51

Парамен ұсталған Мусин гранттарды бөлуге араласқан жоқ - Өтешев

Азаматтық қоғам істері жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Бауыржан Мусин Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының директорлар кеңесіне кірген. 

Орталық басшысы Нұрлан Өтешевтің айтуынша, парамен ұсталған шенеунік әлеуметтік гранттарды тарату жұмысына араласқан жоқ, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Мусин мырза мемлекеттік сатып алулар саласында лобби жасағаны үшін ұсталған. Алайда мемлекеттік сатып алулар мен мемлекеттік гранттар - бұл екі бөлек сала. Дегенмен, Мусин біздің директорлар кеңесінің төрағасы болып табылады. Себебі орталықтың жалғыз акционері - азаматтық қоғам істері жөніндегі комитет. Алайда директорлар кеңесі мемлекеттік гранттарды тарату жұмысына араласқан жоқ. Ол үшін арнайы сарапшылар комиссиясы бар. Аталған екі құрылымның мақсат-міндеттері ұйымның жарғысында да жазылған. Директорлар кеңесі стратегиялық шешімдерді қабылдаса, гранттарды тарату жұмысына сарапшылар комиссиясы жауап береді. Сондықтан Мусин мырза қандай да бір шешімге тікелей әсер ете алмады», - деді Өтешев бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, осы жолы Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы 42 жобаны іріктеп алды. Осыған орай, мемлекеттік гранттар әлеуметтік маңызы бар бастамаларға бөлінетін болды. Оның ішінде кәмелеттік жасқа толмағандардың құқығын қорғау, өзекті тақырыптар бойынша конференциялар ұйымдастыру және тағы басқа қоғамдық жобалар бар.

Айта кетейік, бүгін ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Азаматтық қоғам істері жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Бауыржан Мусин 400 мың теңге пара алу барысында ұсталды. Параның жалпы сомасы 1,4 млн. теңгені құрап отыр.