Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов бүгін Бейжіңде өткен олимпиада және паралимпиада ойындарының қатысушыларымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Құмар Ақсақалов кездесудің басты кейіпкері, паралимпиада жүлдегері Александр Герлицке бір бөлмелі пәтердің кілтін және 5 млн теңгенің сертификатын табыс етті.
«Біз спортшылардың жарысын көріп, елеңдеп отырдық. Александр Герлиц үмітімізді ақтап, әлемнің мықты спортшыларының бірі екенін дәлелдеді. Олар Ербол Хамитовпен бірге командалық эстафетада бесінші орыннан көрінді. Сіздерге осы жеңістеріңіз үшін алғысымды білдіремін, жас спортшыларға, қиын жағдайға тап болған жандарға үлгі көрсеттіңіздер», - деді Құмар Ақсақалов.
Олимпиада және паралимпиадаға қатысқан басқа спортшылар да марапатсыз қалмады. Оларға өңір басшысы құрмет грамоталарын, алғыс хаттарды және ақшалай сертификаттар табыс етті.
Естеріңізге салайық, Александр Герлиц Бейжіңде өткен Паралимпиадада Қазақстан қоржынына жалғыз медаль салған еді. Ол парабиатлоннан сынға түсіп, үшінші болып келді. Бұдан басқа спортшы парабиатлон және парашаңғы жарысында, эстафетада үш рет бесінші орыннан көрінді. Жалпы елімізден бұл ойындарға 5 спортшы қатысты.