Еліміздің сыртқы істер министрлігі Парагвайда қайтыс болды деген кәсіпкерге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Құрметті достар, осымен екінші күн БАҚ-та Парагвайда қазақстандық бизнесменнің мүшеленіп, өлтірілгені туралы ақпарат тарап жатыр. Осыған орай өлген адамның Қазақстанның азаматы емес екенін айтқымыз келеді. Ол кеңес одағы кезінде, яғни ҚазКСР заманында туып, 80 жылдары елімізден кеткен болуы керек. Сондықтан ол кісіні қазақстандық бизнесмен деп айту дұрыс емес, оның үстіне қазақстандық азамат та емес», - деп хабарлады ҚР СІМ-нің ресми өкілі Айбек Смадияров.
ҚР СІМ-нің ақпаратына сәйкес, марқұмның ресейлік төлқұжаты болған.
«Марқұм болған адамды Қазақстан азаматы деген ақпаратты ресейлік БАҚ өкілдері таратқан. Дегенмен оның анық-қанығына ешкім жетпеген. Сондықтан ақпараттың қате екенін ескерткіміз келеді», - дейді министрліктен.