06 қаң, 2021 сағат 16:11

Пандемияға қарамастан Қазақстанда егіс алқаптарының көлемі артты

2020 жылы егін егу науқаны коронавирус салдарынан күрделі жағдайда өткені белгілі. Осыған қарамастан, төтенше жағдай кезінде саладағы жұмыстарды сапалы әрі уақытылы ұйымдастыру үшін тиісті шаралар қабылданды. Бұл өз кезегінде елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысында өте маңызды болды.

Естеріңізде болса, фермелердің егіс алқаптарына дейін кедергісіз өтуіне қатысты қажетті шешімдер жасалып, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізудің алгоритмі дайындалды. Осы орайда фермерлерге жанар-жағармай мен бөлшектерді, тұқымды, тыңайтқышты, өсімдікті қорғау заттарын жеткізудің тәртібі айқындалды. Қабылданған шаралардың арқасында көктемгі егіс науқаны дер кезінде өткізілген еді. 

Атап айтқанда, коронавирус індетінің таралуына байланысты, сондай-ақ төтенше жағдай мен карантиннің енгізілуіне орай ішкі әрі сыртқы нарықта әлеуметтік маңыздағы азық-түлік өнімдеріне сұраныс күрт артты. Ішкі нарыққа өнімді тұрақты жеткізу мен халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі ел аумағынан кейбір тауарларды шығаруға уақытша шектеулер енгізді. Осы орайда әлеуметтік маңыздағы азық-түлік өнімдерінің Қазақстан аумағында тапшылығын болдырмау үшін тиісті шешімдер жасалды. 

Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарын әртараптандыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Бұл ретте импортты алмастыру мен тиімділігі жоғары дақылдар алқаптарын арттыруға екпін қойылған. 

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы мәліметтеріне қарағанда, 2020 жылы егіс алқаптарының жалпы көлемі 22,7 млн гектарды құрап, бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 439,2 мың гектарға артық болды. 

Қабылданған шаралардың арқасында дақылдар алқаптарын арттыруға, оның ішінде тиімділігі жоғары дақылдардың егістерін көбейтуге мүмкін болды. 

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру аясында ақпан-қараша аралығында 792 мың тонна дизель отыны бөлінді. Энергетика министрлігімен келісімге сәйкес, көктемгі егіс жұмыстары мен мен күзгі егін ору науқанына мұнай өңдеу зауыттарымен арада тиісті баға бекітілді. Айта кетейік, астықты кептіруге қосымша 47 мың тонна дизель отыны бөлінді. 

Дағдарыс пен пандемия салдарынан өнімді өткізу проблемасына қарамастан, мемлекеттік қолдау қадамдарының арқасында 2020 жылы өсімдік шаруашылығы өнімдерін өңдеуге арналған жаңа зауыттар пайдалануға берілді. Осы орайда былтыр мамыр айында Алматы облысында тәулігіне 500 тонна майлы дақыл өңдейтін «Жетісу-Мажико» зауыты жұмысын бастады.

Ал Қызылорда облысында «Қарабура Ата» ШҚ-ның қуаттылығы тәулігіне 60 тонна күріш өңдейтін зауыты тапсырылды. Түркістан облысында жеміс консервілеу зауыты пайдалануға берілді. 2020 жылғы қыркүйекте «Рахат» АҚ Шымкентте өндірісін кеңейтіп, жаңа желіні іске қосты. Жамбыл облысында «Сәуле» кондитерлік фабрикасы ЖШС өзінің өндірісін нығайтып, өнім көлемін арттырды. 

«Отандық кәсіпорындар ішкі қажеттілікті тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмай жүрген тауарларға қатысты импортты алмастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен жылы 1800 гектар алқапты қамтыған алма бақтарын отырғызу іске асырылды. Осы орайда тыңайтқышты, тиісті материалдарды, суаруға арналған суды, техниканы субсидиялау жолымен бағбандарға қолдау көрсетіліп келеді», - делінген министрлік мәліметінде. 

Тұқым шаруашылығын субсидиялау тетігін жетілдірудің арқасында сапасы төмен тұқымды пайдалану үлесі 2019 жылмен салыстырғанда былтыр 224,3 мың тоннадан 181 мың тоннаға дейін немесе 1,2 есеге төмендеді. 

Мұнымен қоса, көктемгі егіс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы өткізу үшін, сондай-ақ тұрақты өнімді алу мақсатында 369 ауыл шаруашылығы туарын өндірушіден 24,55 млрд теңгеге өнімді форвардтық сатып алу жүргізілді. 

516,9 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін сатып алу қаржыландырылды. Оның ішінде: бидай - 453,4 мың тонна, арпа – 53,2 мың тонна, күнбағыс – 10 мың тонна, қарақұмық – 300 тонна.