03 қыр, 2021 сағат 10:58

Пандемиядан туындаған құлдыраудан кейін тұрақты қалпына келу байқалады – министрлік


Биылғы жылғы II тоқсанның қорытындысы бойынша Қазақстанның еңбек нарығында COVID-19 пандемиясынан туындаған құлдыраудан кейін тұрақты қалпына келу байқалады, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Жұмыспен қамтудың икемді түрлері қарқын алуда, азаматтар өз бизнестерін белсенді дамытуда. Осылайша, 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны 2,9%-ға (+60,2 мың адам), ал жалдамалы қызметкерлер саны 0,6% - ға (+41,1 мың адам) ұлғайды.

Жұмыс күшінің саны өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 9 256,4 мың адамды құрап, 98,7 мың адамға (+1,1%) ұлғайды.

Осындай жағдайды жұмыспен қамтылған халықтың серпінінен де байқауға болады, олардың саны бір жылда 101,3 мың адамға (+1,2%) 8 805 мың адамға дейін өсті. Сонымен қатар, жұмыспен қамтылғандардың құрылымында жалдамалы еңбекке қарағанда өзін-өзі жұмыспен қамтудың айтарлықтай өсуі байқалады. Ағымдағы жылдың 2-тоқсанында өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2,9% - ға немесе 60,2 мың адамға артты, ал жалдамалы жұмыскерлердің саны 0,6% - ға немесе 41,1 мың адамға ұлғайды.

Бұл ретте өзін-өзі жұмыспен қамту құрылымын талдау ағымдағы жылдың 2-тоқсанында нәтижелі жұмыспен қамтудың есебінен оның ұлғайғанын және нәтижесіз жұмыспен қамтудың айтарлықтай қысқарғанын көрсетеді. Өз кезегінде абсолюттік мәнде бір жыл ішінде өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтығандардың саны үштен біріне немесе 92,9 мың адамға төмендеп, 156 мың адамды құрады. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жалпы санындағы нәтижесіз жұмыспен қамту үлесі бір жылда 4,8 п.т. (12,2% - дан 7,4% - ға дейін) қысқарды.

«Өзін-өзі жұмыспен қамтудың өсіп келе жатқан трендімен қатар жалдамалы қызметкерлердің құрылымдық құрамы да өзгеруде, онда жалдамалы еңбек сипаттамаларының корпоративтік жұмыспен қамтудан ауытқу жағына қарай өзгеру үрдісі байқалады. Бұл әсіресе жылдық динамикада байқалады. Мысалы, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда ұйымдардағы жалдамалы жұмыспен қамту (барлық жалдамалы еңбектің 87%-ы) 0,4% - ға (-23,4 мың адам) қысқарды, бұл ретте азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт негізінде жалдау айтарлықтай ұлғайды (+60,1%). Қазір келісімшарт бойынша 56,9 мың адам жұмыспен қамтылған», – деп атап өтті ҚР Еңбекмині Еңбек ресурстарын дамыту орталығының Стратегия және жобалық басқару департаментінің директоры Александра Молчановская.

Өткен тоқсанмен салыстырғанда қашықтықтан жұмыс істейтіндердің саны 75,2 мың адамға дейін 2% - ға артты. Алдыңғы кезең сияқты, қашықтықтан жұмыс жасайтын жұмыскерлердің көпшілігі әйелдер (65%) және қала тұрғындары (64%) болып табылады, алайда, үлестік бөлініс өзгеру тенденциясын көрсетеді, онда ер адамдар 5% – ға, ал ауыл тұрғындары 6% - ға көп болды.

Айта кету керек, бүгінде бұл процестер өз артықшылықтары бар флиланс сияқты икемді жұмыс түрлеріне қатысты өсіп келе жатқан тренд аясында жүріп жатыр.

«Мамандар енді бір жұмыс орны мен жұмыс берушіге физикалық және географиялық тұрғыдан «байланғанын» қаламайды. Компаниялар белгілі бір тапсырманы орындау үшін қажетті дағдылар мен біліктілікке ие «өзгеретін» персоналдың болуынан пайда көреді. Сонымен қатар, жұмыс берушілер үшін басты артықшылық - бұл жұмыс орындарын ұйымдастыру қажеттілігінің жоқтығынан, еңбек шартында қарастырылған демалыс, аурухана және басқа да әлеуметтік кепілдіктерді төлеуден болатын шығындарды азайту», – деп атап өтті Александра Молчановская.

Сонымен қатар экономикалық қызмет түрлері бөлінісінде қалпына келу, яғни тоқсан ішінде жұмыспен қамтудың ең көп ұлғаюы сумен жабдықтауды қамтамасыз ету саласында (+3,3% немесе 2,8 мың адам), ауыл шаруашылығында (+2,1% немесе 23,9 мың адам), өңдеу өнеркәсібінде және қаржы және сақтандыру саласында (тиісінше 1,8% - дан немесе 10,3 мың адам және 3,2 мың адам) қалыптасты.

«Сондай-ақ, өнер мен ойын-сауық саласы бір жыл ішінде алғаш рет қарқын алып келе жатқанын, бірақ әлі күнге дейін бұрынғы көрсеткіштерге оралмағанын атап өткен жөн. Жұмыспен қамту өсімі өткен тоқсанмен салыстырғанда 1,8% немесе 2,4 мың адамды құрады, бірақ өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 1,1%-ға немесе 1,6 мың адамға кем», – деп түйіндеді Александра Молчановская.

Жұмыспен қамтылғандардың біліктілік құрылымы экономикалық жағдайға және еңбек нарығының шынайылығына жауап ретінде өзгеруін жалғастыруда. Мәселен, әкімшілендіру саласындағы басшылар, қызметшілер және қызмет көрсету мен сату саласындағы қызметкерлер саны бір жылдық кезеңде де, тоқсан ішінде де қысқарды. Сонымен қатар әкімшілік ету саласындағы қызметшілер арасында алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда ең көп төмендеу 17,1% - ға (-69,1 мың адам) және өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 9,1% - ға (-33,9 мың адам) азаю байқалды.

Сонымен қатар, жыл басынан бері техник мамандар (+54,4 мың адам), біліктілігі жоқ персонал (+71,3 мың адам) және өнеркәсіп, құрылыс және көлік жұмысшылары (+29,4 мың адам) арасында жұмыспен қамтылғандар саны артты.

Жұмыссыздарға келетін болсақ, тоқсан ішінде олардың саны тек 88 адамға артты, ал бір жыл ішінде 2,6 мың адамға азайды. Бұл ретте жұмыссыздық деңгейі 0,1 п.т. 4,9%-ға дейін төмендеді (2020 жылғы 2 – тоқсанда-5%). Осындай жағдай жастар жұмыссыздығы көрсеткіші бойынша да байқалады, ол өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 0,3 п.т. азайып, 3,7% - ды құрады. 

Өз кезегінде, ресми статистикалық деректерге сәйкес елде жұмыссыздардың жұмыспен қамтылмауының негізгі себептері жұмыс табу мүмкіндігінің болмауы (жұмыссыздардың жалпы санының 25%), жұмыс орнынан өз еркімен жұмыстан шығу (23%), отбасы жағдайлары бойынша (11%), кәсіпорынның таратылуы/штат санының қысқаруы (10%) және т. б. болып табылады.

Сонымен қатар, жұмыссыздық деңгейі елдің оңтүстігінде – Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Түркістан облысында ең жоғары болып қалуда (5,1% - дан). Ал жұмыссыздықтың ең төменгі деңгейі Қарағанды облысында (4,5%) және Нұр-Сұлтан қаласында (4,6%) тіркелген.

Жұмыспен қамту органдарында есепте тұрған жұмыссыздар саны 2021 жылғы шілде айының соңында 223,5 мың адамды құрады, ал жалпы республика бойынша тіркелген жұмыссыздық деңгейі 2,4% - ға тең. Тіркелген жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейі Түркістан (5%), Атырау (4%) және Батыс Қазақстан (4,6%) облыстарында тіркелген. Бұл ретте ағымдағы жылдың 7 айында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы және Жұмыспен қамту жол картасы шеңберінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтылған азаматтардың саны 400 мыңнан астам адамды құрады.