Фото: Tengrinews.kz
Нұр-Сұлтан қаласының №10 емханасының жалпы тәжірибелік дәрігер бөлімінің меңгерушісі Құрманбеков Фазылбек коронавирустың омикрон штамы туралы сұрақтарға жауап беріп, пандемия осымен бітеді деген үміт барын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі coronavirus2020.kz сайтына сілтеме жасап.
"Пандемия осымен бітеді деп үміттенеміз. Бірақ бұл вирус толығымен жойылады, одан арыламыз деген сөз емес. Вирус мутацияланады және ол бізбен бірге басқа да вирус түрлері сияқты "өмір сүреді". Оны жеңудің тек бір жолы бар. Біз коронавирусқа тек тұрғындарды вакцина, ревакциналау арқылы ғана төтеп бере аламыз. Азаматтар толығымен вакцина алған жағдайда ғана, вирустың алдын алып, оны басқаруға мүмкіндік туады", - дейді Құрманбеков Фазылбек.
Фазылбек Мейрамұлының айтуынша, қыстан кейін, оның үстіне, биылғы омикрон штамынан кейін тұрғындардың иммунитеті төмендеп, адам ағзасы әлсірейді. Әдетте бір инфекциялық ауру бәсеңдегенде, басқасы өршиді.
"Қазіргі уақытта бізде коронавирус бәсеңдеп, көктемге қарай ЖРВИ жұқтыру қаупі жоғарылап отыр. Негізі, коронавирустан кейін көпшілік ЖРВИ-ға үстірт қарап, оның алдын алу шараларына мән бермей жүр. Бірақ бұлай болмайды. ЖРВИ-ға шалдыққан адамдар үстіртін қарау салдарынан ауруын асқындырып алып, соңы пневмонияға дейін әкеліп соғуы мүмкін. Сол себепті азаматтарға қазір барынша сақтанып, иммунитетті көтеру жағына мән беру керек. Ал, жалпы биыл көктемде ЖРВИ-ды жұқтыру қаупі жоғары болады деп болжап отырмыз және ол әдеттегідей балалардың арасында таралуы мүмкін", - дейді дәрігер.