Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) ҚР Ұлттық банкі мен Үкіметінің коронавирус пандемиясымен күрес жолындағы дағдарысқа қарсы шараларына жақсы баға берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ұлттық банктің баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы жылдың 2-13 қарашасы аралығында ҚР-дағы Халықаралық валюта қорының миссия басшысы Николя Бланшенің төрағалығымен ХВҚ қызметкерлерінің мемлекеттік органдардың, қаржы нарығы мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының өкілдерімен онлайн кездесулер өтті. Мақсат – Қазақстанның қазіргі қаржылық-экономикалық даму жолына, дағдарысқа қарсы қолдау шараларына, ақша-кредит және бюджет-салық саясатына шолу жасау.
Халықаралық валюта қоры өкілдерінің пікірінше, Ұлттық банк пен Үкіметтің COVID-19 пандемиясы мен сыртқы жағдайдың күрт нашарлауына қарсы қабылдаған шаралары дер кезінде қолға алынған шешімдер болды. Халықаралық ұйым тарапынан Ұлттық банктің инфляциялық таргеттеу саясатындағы бейілділігі жоғары бағаланды.
Ұлттық банк басшылығы мен оның құрамындағы негізгі департамент жетекшілері ХВҚ өкілдерімен бірге пандемияның салдарын талқылады. Сондай-ақ мұнай нарығындағы құбылмалы бағаның ел экономикасына тигізіп жатқан әсеріне тоқталып, оған қарсы жүргізіліп жатқан қаржы-кредиттік және макроэкономикалық саясат пен айырбастау бағамының саясатына қатысты шараларды сөз етті. Кездесу кезінде экономикалық белсенділікті қайта қалпына келтіру бойынша қолға алынған шаралар да айтылып, халықты және шағын және орта бизнесті қолдау, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері де сөз болды.
«ХВҚ мемлекеттің пандемияның салдарына қарсы қабылдаған шараларына жақсы баға бере отырып, осындай дағдарыс кезеңінде нық әрі инклюзивті өсімге бейілділігін қолдайды.
ХВҚ миссиясының келесі отырысы 2021 жылдың көктеміне белгіленді», - делінген Ұлттық банк ақпаратында.