ҚР Президентінің Экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесшісі Сэр Сума Чакрабарти «Ұлт мүддесі» бағдарламасында халықты вакциналау нәтижеcінің экономикаға қаншалықты әсер ететінін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Менің ойымша, дағдарыстың қанша уақытқа созылатынын нақты білемін деп айту ақымақтық болар еді. Мысалға менің елім Ұлыбританияны алайық. Рождество, демалыстар кезінде вирус жұқтырғандар саны тұрақтанғандай болған. Омикрон пайда бола кетті. Қазір Ұлыбритания шектеу шараларын қайта жандандыруға мәжбүр. Локдаундар күшіне еніп, маска кию талап етіле бастады. Бірнеше апта бұрын бұлай боларын ешкім күткен жоқ», - деді Қазақстан Президентінің кеңесшісі.
Бағдарлама тізгіншісі одан халықты вакциналау нәтижелерінің экономикаға қаншалықты әсер ететінін сұрады.
«Иә, бұл жерде күмән болмауы керек. Биыл Қазақстан экономикасы жақсы өсім көрсетті деп ойлаймын. Өйткені вакцинация жедел жүргізілді. Қазір 8,2 млн адам екпе алды. Көбі вакцинаның үдеткіш, үшінші дозасын тез алып жатыр. Бұл елдегі экономикалық қатынастардың жылдам қалпына келуіне көмектеседі. Адамдар жұмысты қайта бастау, бизнесті ашу үшін өздерін қауіпсіз сезінуі керек. Бұл кез-келген салада маңызды. Вакцинация болашақта да маңызды фактор болып қалады. Біз оларды жетілдіріп, жаңа нұсқаларды әзірлейтін боламыз. Бүгінде ғылымның бизнесті қолдаудағы және жұмыс орындарын сақтаудағы рөлі артты», - деді Сума Чакрабарти.