Сурет: freepik
ҚМА Қарағанды облысы бойынша Департаменті Қаржы пирамидасын құру және басқару күдігі бойынша істі тергеп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Тергеу барысында анықталғандай, Қарағанды облысының тұрғыны бұрын қаржы пирамидасы арқылы халықтан ақша жинағаны үшін сотталған, ол жеке тұлғалардан 50%-дан 300%-ға дейінгі мөлшердегі төлемдерді уәде ете отырып, 1 күннен 3 күнге дейінгі мерзімге 50 мыңнан 300 мың теңгеге дейін көлемінде қаражат тарту арқылы WhatsApp және Telegram мессенджерлерінде чат құрған. Ақша банктік қосымша арқылы аударылған.
"Күдікті ұсталып, оған қатысты 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Алдын ала тергеулер «Өзіміз ғой Арай» чатында 100-ден астам қатысушыны анықтады, қазіргі уақытта «Люкс чат», «Чек чат Люкс 100%», «Вклад чат 50%» деп аталатын чаттардың салымшыларын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр" - делінген хабарламада.
ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.