Фото: inform.kz
Маңғыстау облысында «Өзенмұнайгаз» АҚ мен «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС-да ұрлық фактілері бойынша тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, «Өзенмұнайгаз» АҚ және «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС лауазымды тұлғалары аса ірі көлемде қаражат жымқырды деген күдікке ілінген.
Жаңаөзен тұрғындарының «ҚазМұнайГаз» АҚ (Өзенмұнайгаз) жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық және жымқыру фактілері бойынша көптеген өтініштерінің негізінде Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті сотқа дейінгі бірнеше тергеу жүргізіп жатыр.
Атап айтқанда, кәсіпорынның бухгалтерлік және өзге де ресми құжаттамасында бұрмаланған мәліметтерді көрсете отырып, жаңа сорғы-компрессорлық құбырларды жалған орнату арқылы ұрлау фактісі бойынша «Өзенмұнайгаз» АҚ лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу басталған.
Бұдан басқа, «Өзенмұнайгаз» АҚ лауазымды тұлғалары мен «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС басшылығына 2022 жылы мұнай өндіру ұңғымаларын жөндеу жұмысын орындауға арналған аса ірі көлемдегі қаражатты жымқырды деген айып тағылып отыр.
«БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС басшысы өзінің жақын туыстарымен арнайы техниканы жалға алу жөнінде шарт жасағаны анықталды. Іс жүзінде 248 млн теңге көлемінде алынған қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, жымқырылған.
«Аталған іс-қимыл арқылы «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС басшылығы мемлекетке ғана емес, компания қызметкерлеріне де зиян келтіргенін атап өтеміз. Қолма-қол ақша компанияны дамытуға, жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсартуға, соның ішінде жалақыны көтеруге жұмсалса болатын еді. Бұл жағдай компанияның қарапайым қызметкерлері арасында наразылық тудырды. Тергеу барысында аталған фактілер тексеріліп жатыр. ҚПК 201 бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», - деп мәлімдеді агенттік.