17 нау, 2022 сағат 15:17

"Өздері ойлап тапқан проблема". Жұманғарин қант дауы туралы айтты


Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин қазақстандықтардың қантты жаппай сатып алуына қатысты түсініктеме берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Жұманғарин елде қант тапшылығы жоқ екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, негізсіз дүрбелең салдарынан осындай проблема туды.

"Бұл бағаны жасанды көтеру емес, бұл адамдар өздері ойлап тапқан проблема. Әрине, бізде қанттың көп бөлігі биржада көрсетілген шикі қанттан өңделеді. Ол валютамен бағаланады және бағаның өсуі де байқалуы мүмкін. Алайда кейінгі аптадағы даудың еш негізі жоқ. Тағы да қайталап айтамыз, қант жеткілікті, оны мөлшерден тыс сатып алудың қажеті жоқ", - деді Серік Жұманғарин.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі басшысының айтуынша, қант қорын сақтаған тәртіп бұзушылар анықталып, жазаланатын болады.

"Бұл мүлде дұрыс емес. Саналы адам мұндай іске бармайды. Агенттік қазір қант қорларын сақтап, бағаның өсуін күткендерді анықтап жатыр. Олардың барлығы жазаланады. Бұл бизнесмендер үшін дұрыс емес саясат", - деді Серік Жұманғарин.