25 нау, 2022 сағат 17:04

Өзбекстан СІМ Украинадан 6030 өзбек азаматын эвакуациялағанын хабарлады


23 наурызда Украинадан Польшаның Катовице әуежайы арқылы 146 өзбек азаматы еліне қайтарылды. Бұл жөнінде Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Юсуф Қабылжанов хабарлады.

Эвакуацияланғандар арасында 42 әйел, 12 бала және екі нәресте бар.

28 ақпан мен 24 наурыз аралығында 27 авиарейс ұшырылған, соғыс ошағынан 6030 өзбек азаматы эвакуацияланған.

Елшіліктің хабарлауынша, Львов қаласына уақытша шоғырланған Өзбекстанның Украинадағы елшілігі Польшадағы елшілікпен бірігіп, сондағы өзбек азаматтарымен тұрақты байланыс орнатып, эвакуация мәселесін үйлестіріп жатыр. 

Осыған дейін Өзбекстан сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов өзбек дипломаттары шамамен 6 мың өзбек азаматын Украинадан эвакуациялады деп мәлімдеген. 17 наурыз күнгі мәлімет бойынша ол жақта шамамен 300 өзбек азаматы қалған, қауіпсіздік мәселесіне байланысты оларды басқа жаққа көшіру қиындаған. Өзбекстан СІМ Украинадағы азаматтарын эвакуациялау мәселесін Сириядағы қандастарын қайтару операциясымен салыстырған.