10 нау, 2022 сағат 11:08

Өзбекстан бізден 300 мың тонна картоп сатып алуға дайын – Айдарбек Сапаров


Қазақстан картобына Өзбекстан мен мен Ресейде сұраныс жоғары. ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысындай осындай дерек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлеуметтік маңызы бар тауарлар үшін шикізат өндірісіне жеке тоқталғым келеді. Өткен жыл көрсеткендей, алдын ала жоспарлау және қажетті дақылдардың алқаптарын ұлғайту жұмыстары нәтиже береді. Мысалы, 2020 жылы қарақұмық алқабы 50 мың гектарға ұлғайтылып, нәтижесінде нарықта жарма тапшылығы байқалмады. Қарқынды жоғалтпай 100 мың га қарақұмық егісін келесі жылы да сақтау қажет», - деген вице-министр картоп даөылының көлемі жеткілікті мөлшерде ұлғаймай жатқанын атады. 

«Картоптың өсімі бар болғаны 5 мың гектарды құрайды. Бұл 100-110 мың тонна картоп деген сөз. Бұл ретте тек Өзбекстан келесі жылы бізден 300 мың тонна сатып алуға дайын, сондай-ақ Ресей де бар. Ұйымдастырылған фермаларда картоп өндірісіне баса назар аудару керек», - деді ведомство өкілі.

Вице-министрдің айтуына қарағанда, егіс науқанын өткізу үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарында 144,0 мың трактор, 4,7 мың бірлік өнімділігі жоғары егіс кешендері, 77 мың тұқым сепкіш, 221 мың топырақ өңдеу құралдары бар.

«Бір мезгілде бірнеше технологиялық операцияларды орындайтын заманауи егіс кешендерінің 4,7 мыңнан астам бірлігі дәнді дақылдардың 70%-ын егуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Аталған техниканың дайындығы қазіргі күнге шамамен 92%-ды құрайды. Егіс жұмыстарын жаппай жүргізуді бастауға дайындық 100% қамтамасыз етіледі», - деді Айдарбек Сапаров.